Сұрақ: Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған жас мамандарды даярлау міндеті қандай нормативтік құқықтық актілерде көзделген?
Жауап: «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған ҚР азаматтарына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейін үш жыл жұмысты өтеу міндеті жүктелді, оның ішінде:
- квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқығандар тиісінше ауылдық жерде орналасқан білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде, ветеринария ұйымдарында және меншік нысанына қарамастан, аграрлық бейіндегі ұйымдарда;
- педагогикалық және медициналық мамандықтарға мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқығандар білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында;
- мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша оқығандар (2017 жылы оқуға түскен жас мамандар) меншік нысанына қарамастан ұйымдарда;
- философия докторлары (РhD) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе ғылыми ұйымдарда;
- бейіні бойынша докторлар мемлекеттік органдарда немесе ЖЖОКБҰ немесе ғылыми ұйымдарда;
Сұрақ: Оқу бітірушілерді жұмысқа бөлу қалай жүргізіледі және онымен кім айналысады?
Жауап: Дербес бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын:
1) медициналық мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтарына берілетін квота шегінде оқуға түскен азаматтарды және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ҚР азаматтарын қоспағанда, оларды жұмысқа дербес бөлу үшін - осы Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген ҚР азаматтары оқуды аяқтайтын Қазақстан Республикасының тиісті ЖЖОКБҰ жанынан;
2) ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтарына берілетін квота шегінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ҚР азаматтарын және мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ҚР азаматтарын жұмысқа дербес бөлу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылады.
Бұл тәртіп Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 қаулысымен бекітілген Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларында айқындалған.
Сұрақ: Ауыл квотасы бойынша оқу бітірген түлек қалада жұмысты өтеуге құқылы ма?
Жауап: Жоқ, себебі «Білім туралы» ҚР Заңында (47-баптың 17-тармағы) ауыл квотасы шегінде оқу бітіргендерді жұмыспен қамту үшін негіздер көзделмеген, сондықтан жас мамандардың қалалық жерде жұмысты өтеуі мүмкін емес.
Сұрақ: Егер оқу бітіруші «Серпін» бағдарламасымен оқыған болса, қай жерде және қанша уақыт жұмыспен өтеу керек?
Жауап: ҚР Үкіметінің 18.11.2022 № 926 қаулысымен Қағидаларға енгізілген қосымша толықтыруларға сәйкес Заңның 26-бабының 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖБҰ-ны бітіргеннен кейін тізімі осы Қағидаларға 1-қосымшада айқындалған өңірлерде кемінде екі жыл жұмыспен өтейді.
Жұмыспен өтеу үшін өңірлер
1. Ақмола облысы.
2. Ақтөбе облысы.
3. Атырау облысы.
4. Абай облысы
5. Батыс Қазақстан облысы.
6. Қарағанды облысы.
7. Қостанай облысы.
8. Павлодар облысы.
9. Солтүстік Қазақстан облысы.
10. Ұлытау облысы.
11. Шығыс Қазақстан облысы.
Сұрақ: Егер оқу бітірушінің тұрғылықты жерінде бос жұмыс орын болмаса, не істеу керек?
Жауап: 2012 жылғы 30 наурыздағы №390 ҚРҮҚ-ның 20-тармағына сәйкес бөлу сәтінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда жас маман /философия докторы (Phd) тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында не «электрондық үкіметтің» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге тұруы тиіс, жұмыспен өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақыт жұмысты өтеу ретінде есепке алынады, содан кейін Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде барын растайтын құжатты «Қаржы орталығы» АҚ-ның жетекші ететін менеджеріне ұсыну қажет.
Сұрақ: Оқу бітіруші жұмыс орнына қашан келуі керек?
Жауап: Ағымдағы жылы оқуын бітірген жас мамандар мен PhD философия докторлары 1 қыркүйектен кешікпей жұмыс орнына жолдама бойынша келеді (Дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес).
Сұрақ: Жұмысты өтеу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған жағдайда қандай шаралар қолданылады?
Жауап: «Қаржы орталығы» АҚ білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы ретінде оқу бітірушілердің жұмысты өтеу немесе жұмыс өтелмеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етеді. Жұмысты өтеу бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда «Қаржы орталығы» АҚ жас мамандармен, PhD философия докторларымен және бейіні бойынша докторлармен жұмыстар жүргізеді: жұмысты өтеу міндеті туралы жазбаша хабарлама дайындау, жас мамандарға олар көрсеткен байланысу деректері бойынша қоңырау шалу, оларды әлеуметтік желілер бойынша іздеу. Анықталған бұзушылықтар жойылмаса және / немесе жұмысты өтеуден бас тартылған болса, бюджет қаражатын мемлекетке қайтару, оның ішінде сот тәртібімен қайтару жұмысы жүргізіледі.
Сұрақ: Кейінге қалдыру мүмкіндігі бар ма және қандай мерзімге?
Жауап: Мерзімді әскери қызметке түскен немесе шақырылған жас маманға қызмет өткеру уақыты жұмыспен өтеу мерзіміне есепке жатқызылмастан, қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру құқығы беріледі (Жас мамандарды және PhD философия докторларын дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен, жазбаша өтініш пен растайтын құжат негізінде қосымша хаттама ресімделеді).
Сұрақ: Қандай жағдайларда және қандай санаттағы түлектер оқудан босатылады? Жауап: Заңда көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның немесе PhD философия докторларын дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен төмендегі санаттар босатылады (Бөлу жөніндегі комиссия, яғни жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган қосымша хаттама дайындайды, тиісті құжаттармен расталуы тиіс):
1) жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін елді мекенде бос жұмыс орындары болмаған жағдайдағы;
2) I және II топтағы мүгедектерге;
3) мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға одан әрі оқуға түскен адамдарға;
4) жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды өздері тәрбиелеп отырған адамдарға.
Сұрақ: Егер жас маман мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ЖОО-ны бітірген соң өз бетінше басқа мамандық бойынша ұйымға (мысал үшін: әкімдік, салық комитеті, ХҚКО және т.б.) жұмысқа тұрса, бұл жұмысты өтеу ретінде есептеле ме?
Жауап: Жоқ, жоғарыда аталған ұйымдарда, оның ішінде әкімдіктерде, салық комитеттерінде, ХҚКО-ларда жұмыс есепке алынбайды. «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен ҚР азаматтары ЖЖОКБҰ-ны бітіргенен кейін кемінде үш жыл білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында, немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда жұмыспен өтеуге міндетті.
Жас маман білім беру ұйымына (мектеп, балабақша, бөбекжай, колледж, университет) және денсаулық сақтау ұйымына (ауруханалар, емханалар) жұмысқа тұруы тиіс.
Сұрақ: Оқу бітіргеннен кейін білім беру ұйымында жұмысты өтеп жүрген жас маман тұрмысқа шығуына байланысты жұмыстан шығып кетсе, жұмыспен өтеу міндеті тоқтатыла ма?
Жауап: Некеге тұрғанда және соған байланысты тұрғылықты жерін ауыстырған кезде жас маман қайта бөліну үшін растау құжаттарымен бірге Комиссияға жүгіну не бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды нақты жұмыс істеген уақытқа мөлшерлес өтеуі тиіс.
Сұрақ: Жас маман мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуды бітіргеннен кейін сол жылы магистратураға ақылы бөлімге оқуға түсті делік, бұл жағдайда жұмысты өтеу міндеті тоқтыла ма?
Жауап: Бұл жағдайда жас маман ҚР Заңында көзделген жұмысты өтеуден босатылу үшін растайтын құжаттарымен бірге тиісті ЖЖОКБҰ-ның жанынан немесе жас маман оқыған денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның жанынан құрылатын дербес бөлу жөніндегі комиссияға өтінішпен жүгінуі тиіс. «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-2-тармағына, сондай-ақ 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 ҚР қаулысымен бекітілген Мамандарды жұмысқа жіберу қағидаларының 34-тармағына сәйкес, жұмыспен өтеу міндетінен босату нормалары қарастырылған, соның шеңбірде мына жағдайда және адамдар босатылады: мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға, докторантураға одан әрі оқуға түскен адамдар; жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оларды өздері тәрбиелеп отырған адамдар; I және II топтағы мүгедектер және жұбайының немесе зайыбының тұратын, жұмыс істейтін немесе қызмет өткеретін жері бойынша бос жұмыс орны болмаған жағдайда.
Сұрақ: ЖОО-ны бітірген жылдан кейінгі жылдары магистратураға түскен адамдар жұмыспен өтеуден босатыла ма?
Жауап: Жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босату жыл сайын құрылатын Комиссияның құзыретіне жатады. Заңның 47-бабының 17-2-тармағының 3) тармақшасында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резедентураға, магистратураға, докторантураға одан әрі оқу үшін түскен адамдарды жұмыспен өтеу міндетінен босату көзделген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-бабының 1-бөлігіне сәйкес азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуі тиiс. Заңның көрсетілген нормалары Комиссиялар жас мамандарды және философия докторларын (PhD) олар магистратураға, резидентураға, докторантураға оқу бітірген жылдан кейінгі жылдары емес, сол жылы түскен жағдайда ғана жұмыспен өтеу міндетінен босата алады дегенді білдіреді. Сондықтан жұмыспен өтеуден босату туралы мәселені қарау кезінде міндетті түрде уақыт факторы, атап айтқанда міндеттемелердің уақытылы орындалуы ескерілуі тиіс.
Сұрақ: Ішінара жұмыс өтелген жағдайда (3 жыл емес) қалған кезең үшін берешек сомасын төлеуге бола ма?
Жауап: Иә, «Білім туралы» ҚР Заңының 47-бабының 17-4-тармағына, 2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 ҚР ҮҚ-мен бекітілген Маманды жұмысқа жіберу қағидаларының 40-тармағына сәйкес жұмысты өтеу бойынша міндетін орындамағаны үшін жас маман бюджет қаражаты есебінен щыққан шығыстарды нақты жұмыс өтелген кезеңге мөлшерлес өтеуге міндетті.
Сұрақ: Ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға ауысқан оқу бітіруші 3 жыл жұмысты өтеуі тиіс пе?
Жауап: Ақылы негізде оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан кезде жас маман 3 жыл емес, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған уақытына сәйкес жұмысты өтейді.