Егемен Қазақстан
Қаражатты болашағың үшін жина

Бүгінгі ата-ана алдында ұрпағының білімді болуын қамтамасыз етуден маңызды іс жоқ. Сондықтан да ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы»  АҚ ата-аналарға баланың біліміне қатысты ертерек ойлануға кеңес береді. Ал елімізде енгізілген Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) жоғары білім беруге кепіл болып қана қоймай, оқу ақысын 30-70 пайызға үнемдеуге сеп болатыны анық. Осы мәселе төңірегінде «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимовпен әңгімелескен едік.

  • «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң 2013 жылы қабылданған болатын. Бағдарлама қандай жаңалықтарға жол ашты?
  • Біздің акционерлік қоғам 1999 жылдан бері елімізде білім кредиттерін ұсыну бойынша қызметтер көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы тұңғыш бағдарлама 2005 жылға дейін жұмыс істеген болатын. Ол арқылы халықтың кең ауқымы қамтылғанымен, бағдарламаның олқылықтары да көлденең шықты. Мәселен, клиенттердің төлем қабілеттеріне жан-жақты талдаудың болмауынан несие алғандардың кейбірі өздерінің қарызын төлей алмады.

Ал осыдан үш жыл бұрын Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы жаңа бағдарлама қабылданды. Оның арқасында Қазақстанның кез-келген азаматына өздері немесе балалары үшін білім беру депозитін ашу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, ата-ана баласы үшін қаражат жинақтап, оның мектептен кейінгі біліміне қажеттілікті қамтамасыз ете алатын болды.

  • Студенттерді қолдаудың жаңа қаржылық құралын енгізу өзін-өзі қаншалықты ақтады? Қарапайым азаматтар арасында қаражат жинақтау мәдениетін ынталандыра алды ма?
  • Біздің стратегиялық мақсатымыз – Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділік деңгейін көтеру. Жыл сайын елімізде 100 мыңдаған оқушы мектеп бітіреді. Солардың тек үштен біріне ғана грант бұйырады. Ал қалған үштен екісі жоғары оқу орындары мен колледждерге ақылы негізге түседі. Осы жағдайда ата-аналар баласын университетте оқыту үшін көбінесе қымбат кредит рәсімдейді. Ендеше туындайтын сұрақ: неге білім үшін мақсатты түрде қаражат жинамасқа? Осылай істесе, салымшы ешқандай тәуекелсіз қаражат жинап қана қоймайды, мемлекет ұсынатын сыйлықақыны да банктік сыйақыны да иеленеді!

Шындығында, көптеген шет елдерде адамдар өздерінің болашақ шығындарын алдын ала есептеп, өздері белгілеген лимитті қатаң ұстанады. Тіпті болашақ біліміне қаражат жинау - олар үшін басым бағыттың бірі. Ал біздегі менталитет мүлдем бөлек. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз білім алу үшін қаражат жинау мәселесін ең соңғы орынға қойып келеді. Дегенмен, азаматтар арасында тұтастай алғанда қаражат жинақтау мәдениеті қалыптасып келе жатқаны анық. ҚР Ұлттық банкінің мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын халықтың салымдар көлемі мен саны өсіп отыр.

Білім депозиттеріне мейлінше назар аудару қажет. Өйткені, лайықты білімге қол жеткізу де оңай мәселе емес, тіпті бәрі тақаған уақытта ойлануға да мұрша бола бермейді. Алайда, жоспарлы түрде 5-6 жыл салымдар жасалса, ол қаражатқа мемлекеттік кепілдік те болады, балалардың диплом туралы арманы да қиындықсыз орындалар еді.

  • МБЖЖ жүйесі екі банктік өнім ұсынып отыр: білім беру кредитіне кепілдік пен білім депозиті. Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
  • «Қаржы орталығы» АҚ үш қазақстандық банктерімен - «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Цеснабанк» АҚ - бірлесіп халыққа арналған білім депозитін іске қосқан болатын. Бұл қазіргі екінші деңгейлі банктердегі кез-келген депозитпен салыстырғанда әлдеқайда тиімді құрал. Оның бірқатар басымдықтары да бар. Мәселен, салымшыға банктің жылдық 14 % болатын коммерциялық ставкасынан бөлек, мемлекет атынан «Қаржы орталығы» АҚ азаматтардың санатына қарай 5-7% сыйлықақыны қоса есептейді. Осылайша білім депозитінің тиімділік мөлшерлемесі жылына 21% болып отыр, бұл банктік салымдар арасындағы ең жоғары қаржыландыру көрсеткіші.

Егер салым сомасы білім ақысын төлеуге жеткіліксіз болса, сосын бұл қаражат толық соманың жартысына жетсе, Қазақстандағы кез-келген жоғары оқу орнының студенті 12 жылдық мерзімге дейін жеңілдіктік шарттарда білім кредитін рәсімдей алады. Бұл ставка банктер ұсынатын тұтыну кредитіне қарағанда екі есеге дейін төмен.

Аталған кредит кепілзатсыз мемлекеттің кепілімен беріледі, оның қайтару шарты да тиімді. Мәселен, студент білім алған кезеңде, сосын жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін (жеңілдік кезеңдері барысында) ол тек банктің пайыздарын ғана төлейді. Жеңілдік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана – негізгі борыш пен қалған пайыздарды қайтаруға болады. Бұдан бөлек, қаражат траншпен қарызгердің қолына емес, тікелей білім беру мекемесіне аударылады.

Бүгінгі таңда республикамызда шамамен 16 мыңға жуық білім беру жинақ салымдары тіркелген, 2 миллиард теңге сомасына 7 мыңнан астам кепілдік берілді.

  • Қазақстанда жақсы жоғары оқу орындарының болғанына қарамастан, көптеген студенттер шет елдерде жоғары білім алуды армандайды ғой…
  • Иә, бұл тұрғыдан да айтарымыз бар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстанда ғана емес шет елдерде де білім алуға мүмкіндіктер ұсынады. Сонымен қатар, базалық білімнен бөлек шет елдерден магистр немесе әлемнің кез-келген оқу орнының магистратурасын, МВА бойынша деңгейін жоғарылату үшін жағдай туғыза алады. Ескеретін жайт, Гарвард немесе Оксфорд секілді білім ошақтарында оқу ақысы қымбат, ендеше соған сәйкес жинақ қаражатты да көбірек жинауға тура келеді. Ең бастысы барлық оқу орындарына түсуге  мүмкіндік бар.

Тағы бір назар аударатын мәселе – түлек мемлекеттік грант бойынша оқуға түсуі де мүмкін. Бұндай жағдайда салымшы барлық жинақ қаражатын өзінің басқа қажеттіліктері үшін ала алады немесе оны басқа біреудің атына қайта рәсімдей алады. Тіпті үшінші жолы бар – салым жасауды жалғастыра отырып, қазақстандық жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін әлемнің кез-келген елінде білім алу үшін жұмсай алады.

  • Қазақстанда кәсіби кадрларға сұраныстың артуы тұрғысынан алғанда МБЖЖ жүйесінің келешегі қандай? Сіздер ұсынатын өнімдерге қатысты шарттарды одан әрі жақсарту жоспары бар ма?
  • Білім депозиттері қарапайым қазақстандықтардың белсенділігі  арқасында ғана емес қайырымдылық ұйымдары, ірі компаниялар мен белгілі тұлғалардың ізгі қадамдары арқылы да танылып отыр. Қабілетті оқушының талантын шыңдап, олардың жолын ашу – бұл біз ұсынылған мүмкіндікпен қатар осындай игі қызметтердің жемісті  нәтижесі дер едім.

Алдағы жоспарларға келсек, бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктердің желісін арттырмақпыз. Белсенді қатысушылар үшін де қосымша ынталандыру факторларын енгізу мүмкіндігін қарастырудамыз.

Білім беру жинағының мүмкіндіктері туралы қазақстандықтар мейлінше ақпараттануы тиіс, депозит ашып, нәтижесін көруі үшін халық бағдарламаға көбірек қатысса екен. Өйткені, білімді ұрпақ қалыптастыру ата-анаға да мемлекетке де аса маңызды. Алдағы уақытта ақылы білім алушылардың 20-30% МБЖЖ жүйесі бағдарламасының қатысушылары болады деп отырмыз. Әрине, бұл біз межелі түрде, белсенді атқарып жатқан жоспарлы жұмысымыздың басты бағыты.