«Болашақ» корпоративтік қоры 2020 жылы «Жол жүру гранттары» жобасына.
өтініштер қабылдау туралы хабарлайды. Бірегей әлеуметтік жоба 2014 жылдан бастап жылда өткізілетін Қысқы қайырымдылық балында жиналған қаражатқа жүзеге асырылады. Өтініштер ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады.

Жоба 6 жыл жүзеге асырылып келеді. Осы жылдар барысында қормен 80 грант тағайындалған. 2014 жылдан бастап 100-ден астам өтінім түсті.

«Болашақ» қорының жол жүру гранттарының иегерлері әлемнің 20 елінде өткізілген 30-ға жуық байқаулар мен жарыстардан бір гран-при, екі алтын, төрт күміс және он қола медаль жеңіп алды.

Жобаның мақсаты – дарынды жастарды, оның ішінде Қазақстанда және шетелде өткізілетін шығармашылық конкурстарға, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысуға жеткілікті қаражаты жоқ жастарды анықтау және ілгерілету.

Жол жүру гранты қатысушының іс-шараны өткізу орнына және кері қайтар жолдың көлік шығындарын өтейді. Кез келген адам, соның ішінде мектеп оқушылары, балалар үйі мен интернат мекемелерінің түлектері, студенттер, жас мамандар және т.б. грант алуға үміткер бола алады.

Біздің грант иеленушілеріміз – өз арманын қуған күш-жігері мықты, қайратты, батыл, сонымен бірге олар алдына биік мақсат, үлкен талап қоятын және міндетті түрде оларға қол жеткізетін адамдар екеніне өте қуаныштымыз!

Ермек Қалымбетов, Ресейде өткізілген коляскадағы биден Әлем Кубогы – Континенттер Кубогында қола медаль иегері:
- Мен "Болашақ" КҚ сапарға демеушілік көрсеткендері үшін, қаржылық қолдау көрсеткендері үшін, армандарды жүзеге асыруға және біздің елімізді әлемдік аренада лайықты танытуға мүмкіндік бергендері үшін алғысымды білдіремін!

Лаура Табажанова, Англияда өткізілген донорлық органдарды трансплантациялаудан өткен адамдар мен диализдегі пациенттер арасындағы Дүниежүзілік ойындарда қола медаль иегері:
- Мен барлық банктерді жүгіріп өттім - маған несие берген жоқ. Анам несиеге 500 мың теңге алды. Мен достарымнан тағы 300 мың алдым. Билеттерді броньдап жатқан уақытта, «Болашақ» корпоративтік қорынан жауап келеді... Қор маған жол жүру грантын тағайындап, билетақысын төледі! 300 мыңды достарыма бірден қайтардым.

Жоба ережелерімен қордың веб-сайтында www.bolashakcharity.kz Жобалар айдарында танысуға болады. Өтінімдер charityfoudation@bolashak.kz электронды пошта арқылы немесе Нұр-Сұлтан қ., Қонаев к. 12/1, 411-офис мекен-жайы бойынша қабылданады. Байланыс телефоны: 8 7172 500 618.

Анықтама:  
Жол жүру грантының иегерлері қатысқан жарыстар: есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы үстел теннисі және мини-футбол бойынша әлем чемпионаттары (Түркия (күміс) және Қырғызстан (қола), соқыр және көздері нашар көретін ҚР азаматтарының қатысуымен Астанадан Парижге Blind race 2018 веломарафоны, коляскадағы биден «Парачир» чемпионаты (АҚШ (Гран-при), джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты (БАӘ (күміс және қола медальдар), «Украина дауысы 2016» тележобасы және т.б.